Қала 27 техногенді плитаның үстінде орналасқан
Алматыда 9 балдық жер сілкінісі болса, тұрғын үйлердің 30% қирауы мүмкін. Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, осындай болжамымен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мен Алматы сейсмологиялық қауіпті аймақ екенімен әрине келісемін. Қала 27 техногенді плитаның үстінде орналасқан. Көбі қаланың таулы аймақтарында. Қаланың ең қауіпсіз ауданы – Түрксіб», - деді Күлшімбаев.
«Алматыда қатты жер сілкінсе, ғимараттардың 60 пайызы құлайды деген пікірлерге не айтасыз?» деген сұраққа жауап бере отырып вице-министр ТЖМ-ның болжамын жария етті.
«Ғимараттардың 60 пайызы қирайды деген пікірмен келіспеймін. Бірақ, болжам бойынша егер Алматыда 9 балдық жер сілкінісі тіркелсе, тұрғын үйлердің 30 пайызы қирауы мүмкін», - деді ол.
Еске сала кетейік, бүгін таңертең Алматыда жер сілкінді.