Оқиғаға қатысты жүргізушіге қандай шара қолданылатыны әзірше белгісіз
Шымкентте 17 жастағы жасөпірімді автобус қағып кетті. Жазатайым оқиға Шымкенттегі А.Байтұрсынов көшесінде орын алған. Куәгерлер жаяу жүргіншінің жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпек болғанын айтады. Сол мезетте қалалық №27 бағыттағы автобус қызды қағып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жүргізуші қызды көрген бойда тежегішті басып, рөлді өзге бағытқа бұрған. Алайда оқиға кенеттен орын алғандықтан апаттың алын алу мүмкін болмады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдемге қоңырау сағат 10:17-де түскен.
Оқиға орнына барған мамандар науқасқа медициналық көмек көрсетіп, 1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізген. Онда алғашқы көмек көрсетілген соң жасөсіпірім балалар ауруханасына ауыстырылды. Қазіргі жағдайы орташа ауыр.
«Баланың жағдайына байланысты нейротравматология бөліміне жатқызылды. Қазіргі баланың жағдайы орташа ауырлықта. Есі анық. Балада жабық бас ми жарақаты. Бас миының соғылуы», - деді Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің хирургия ісі жөніндегі орынбасары Ержан Байдуллаев.
Ал айтулы оқиғаға қатысты жүргізушіге қандай шара қолданылатыны қазірше белгісіз. Өйткені, қалалық полиция департаменті бұл дерекке байланысты ешқандай ақпарат берген жоқ.