Астанада жүзден астам шетелдік автокөлік иесі наразалыққа шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Олар темір тұлпарларын не себепті тіркеуге келмейтінін білгісі келеді

astanatv.kz

Астанада жүзден астам шетелдік автокөлік иесі бүгін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

 Даудың басы сол баяғы оң жақ тізгінді және конструктор көліктерді заңдастыру ережелеріне байланысты. Олар темір тұлпарларын не себепті тіркеуге келмейтінін білгісі келеді.

 «Біздің талабымыз - конструктор немесе ауада тұрған көліктерді заңдастырудың қалай жүзеге асатынына жауап алу. Біз қай тәртіппен жалпы қашан заңдастыраны жайлы нақты білгіміз келеді. Не кеден бойынша келмейді, не ол басқа елде есепте тұр. Тәртібі бойынша үш түрлі кезеңнен өтіп, төртіншіге келгенде өтпей қалып жатыр. Он бес минут күтудің де қажеті жоқ, бәрін толығымен толтырып жүктейсіз, жеке кабинетіңізге кірсеңіз қабылданбады деп тұрады. Тіпті қарастыруға да келмейді», - деді автокөлік иесі Данил Куропятников.

Автокөлік иелерінің шағымдары бойынша заңдастырудың басты мәселесі - көлікті шетелдік есептен шығару. Бәрінің басқа елге бару мүмкіндігі бола бермейтіні анық. Сол себепті жүргізушілер мұны қашықтан жасауға мүмкіндік беруін сұрайды. Ал жауаптылар мұндай мүмкіндік жоқ деп отыр. Десе де, оң жақ рульді көліктер мен конструкторлар мәселесін шешуге уәде берді.

«Үкімет мәселені шешу үшін барынша шаралар қабылдауда. Әр елмен сұрақ екі жақты шешілуі тиіс. Яғни, біздің ұсыныстарымыз бір жерде қабылданса, бір жерде қабылданбай қалуы мүмкін. Алайда бұл үкіметтің мәселесі. Конструктор көліктеріне қатысты заңнаманы өзгерту үшін бір жарым ай қажет. Бұл ұзаққа созылмайды, тек бәрімен келісім жасалу керек», - деді қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Елжан Чупеков.