Украинадағы соғысқа барудан бас тартқан: Ресейде әскери дәрігерге қылмыстық іс қозғалды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы құқық қорғаушы Павел Чиков мәлім етті

Фото ашық дереккөзден

Ресейде әскери дәрігердің соғысқа барудан бас тартқаны үшін үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Azattyq Ruhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Құқық қорғаушы Павел Чиковтің айтуынша 2022 жылғы Әскери-медициналық академияның «жалпы практика дәрігері» мамандығының түлегі медицина қызметінің лейтенанты Денис Васильев өткен жылдың жазынан бастап солтүстік флоттың әскери бөлімдерінің бірінде қызмет еткен.

Дегенмен офицер жұмыстан босатылу туралы рапорт берген. Қыркүйек айында Васильев Ресей Қарулы Күштерінен мерзімінен бұрын босатылуға ұсынылған, бірақ ішінара мобилизация жарияланғандықтан жұмысынан шығып үлгермеген екен.

Солтүстік флоттың медициналық қызметінің басшылығы оны Солтүстік Мұзды мұхиттағы «Франц Джозеф жеріне» ауысу жөнінде ұсыныс жасаған. Васильев бұл ұсынысқа келісім берген. Алайда  жұмысын ауыстырып үлгергенше бөлімге соғыс аймағына жіберу туралы тағы бір бұйрық келіпті. Ал бұл бұйрықты дәрігер жеке сенімі бойынша орындаудан бас тартқан.

Енді Денис Васильевке 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр. Себебі Печенг гарнизоны бойынша әскери тергеу бөлімі оған қатысты Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 332-бабының 2.1-бөлігі (жұмылдыру кезеңінде бұйрықты орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғаған.