Нөмірлік белгілер тәркіленіп, автокөлік айып тұрағына қойылды
Ақтөбе облысында жалған көлік нөмірімен жүрген шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
15 ақпан Қарабұлақ–Қостанай тас жолын патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Mercedes-Benz автокөлігін басқарған Ресей Федерациясының 36 жастағы азаматын тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізуші жалған тіркеу нөмірлерін орнатқаны белгілі болды.
«Жүргізушіге қатысты КР ӘҚБтК-нің 590-бабы 3-бөлігі «Көлік құралына көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнату» және КР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі «Көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқару» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген Ақтөбе облыстық ПД хабарламасында.
Сот шешімі бойынша жүргізушіге айыппұл салынды, бір жыл мерзім жүргізуші құқығынан айырылды және бір тәулікке әкімшілік қамауға алынды.