ОСК: Қазақстан халық партиясының тізімі тіркелді
Кандидаттардың тізімінде бас-аяғы 52 адам бар

ҚР Орталық сайлау комиссиясында Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың Қазақстан Халық партиясынан (ҚХП) партиялық тізім бойынша заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтау бойынша отырыс өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
1 ақпанда ҚХП ҚР Орталық сайлау комиссиясына Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну туралы құжаттарды тапсырды. ҚХП тізіміне 52 кандидат кірді. Оның ішінде: 17-сі – әйелдер, жастар және мүгедек адамдар, бұл тізімге енгізілгендердің жалпы санының 32,7%-ын құрайды.
«ОСК уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп Мәжіліс депутаттарын сайлау үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексеруді жүзеге асырды. Партиялық тізімге енгізілген барлық тұлға талаптарға сай келеді», - деп қаулы етті Орталық сайлау комиссиясында.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында Қазақстан Халық партиясы сайлаушылардың 9,1%-ын дауысын жинады. Сондықтан осы сайлауда аталған партия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қаңтарда Президент жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы шығарды. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда – бір күнде өтеді.