Партиялық тізімде 90 адам бар
ҚР Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі сайлауына «AMANAT» партиясының 90 кандидатын тіркеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына «AMANAT» партиясы кандидаттарының партиялық тізімі тіркелді.
«Орталық сайлау комиссиясы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституцияның және Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді», – деді ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.
«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев партияның партиялық тізімінде 90 адам бар екенін атап өтті. Оның 29-ы – әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар адамдар. Бұл – тізімге енгізілген жалпы санның 32,2%-ын құрайды.
«Осыдан тура бір апта бұрын біз Орталық сайлау комиссиясына партиямыздың атынан Мәжіліске ұсынатын кандидаттардың тізімін өткізген болатынбыз. Міне, бүгін сол құжаттың бәрін қайта алып кетуге келдік, барлық кандидат талапқа сай екені, сайлау кезеңіне өтетіні хабарланды. Біз енді алдағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына қызу дайындалатын боламыз. Біз өз күшімізге, мүмкіндігімізге толықтай сенімдіміз!», – деді ол.
ОСК отырысынан кейін Елнұр Бейсенбаев журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Партиялық тізімдер бойынша ұсынылған кандидаттардың толық тізімімен осы сілтеме бойынша, ал бірмандатты округтер бойынша мына жерден танысуға болады.
Сайлауалды бағдарламаның толық мәтіні үгіт-насихат кезеңінің алғашқы күнінде жарияланып, партияның сайтына орналастырылады.
Еске сала кетейік, биыл 7 ақпанда «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXV Съезі өтіп, соның қорытындысы бойынша партия барлық деңгейдегі мәслихаттарға 3821, Мәжіліске 119 кандидат ұсынды. Еліміздің өкілді органдарына ұсынылған «AMANAT» кандидаттары 75%-ға жаңарды.