62 талапкер бөгде зат кіргізсе, 98 адам тестілеу ережелерін бұзған
ҰБТ-да ережелерді бұзғаны үшін 160 адамның нәтижесі жойылды. Бұл туралы «ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«62 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 98 адам шығарылды. Осы жылы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізілді. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ», - деді Емелбаев.
ҰБТ-ға дайындықты жақсарту мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы оқу жылының басында тестілеу пәнінің спецификацияларын, тест жоспарын, Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихынан 100 дата, Қазақ әдебиеті және орыс әдебиеті пәндерінен шығармалар тізімін өз сайтында және әлеуметтік желілерінде жариялады.
«Оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияланды. Тестілеу барысында қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады.Үшінші жыл қатарынан республикалық білім беру орталықтарымен бірлесіп ҰБТ-ға дайындық үшін тегін онлайн сабақтар өткізіледі. Сабақтар YouTube - те тікелей эфирде өтеді, LIVE сабақтарды өткізіп алған түлектер оларды сақталған жазбалардан көре алады», - деді ол.
Сондай-ақ, түлектерге www.prob-ent.testcenter.kz. веб-сайтында ақысыз онлайн тестер қолжетімді болған.
«Талапкерлер үшін жағдайлар тестілеу кезінде де жасалады. Өткен жылдан бастап ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Олар үшін схемалар мен диаграммаларсыз сұрақтар жасалады. Қабылданған шаралардың арқасында қаңтар айындағы ҰБТ-ға ерекше білім беруді қажет ететін 274 талапкер қатысты», - деді Руслан Емелбеков.