Мектеп жасындағы баланың бұл әрекетіне еріктілер де таң қалды
Шымкентте 5-сынып оқушысы жер сілкінісінен зардап шеккен түркиялықтарға көмек ретінде өз үлесін қосты. Төрт балалы отбасынан шыққан ол түскі астан бас тартып, ол ақшаға макарон сатып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Бұған дейін де қиын жағдайға тап болған халыққа қол ұшын беріп келе жатқан еріктілер тобы Түркия халқына гуманитарлық көмек жіберу үшін қаладағы бірнеше жерде көмек жинау бекеттерін белгілеген. Онда жер сілкінісінен зардап шеккен халыққа бей-жай қарай алмаған кез келген тұрғын өз көмегін әкеп беруде.
№4 мектептің оқушысы өзінің әрекетімен көпті таң қалдырды. Павел есімді бала анасы түскі асқа деп берген ақшаға макарон сатып алған. Қайырымдылыққа үлес қосқысы келген ол гуманитарлық көмек жинау бекетіне үйінен жаяу келген екен.
«Мен Түркияға сәлемдеме жіберуге келдім. Анам мектепте түскі ас ішуге ақша берген. Соған макарон сатып алдым. Сіздер туралы Instagram-нан көрдім. Мұнда келгенімді анам білмейді», - дейді оқушы.
Мектеп жасындағы баланың бұл әрекетіне еріктілер де таң қалды. Олар жүрегі мейірімге толы ұлды тәрбиелеп отырған анасына алғыс айтты.