$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Миллиондарды тиімсіз пайдаланған Мәсімовке сот 214 мың теңге айыппұл салды

Павлодар облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімовтің екі әкімшілік ісі қаралды

Миллиондарды тиімсіз пайдаланған Мәсімовке сот 214 мың теңге айыппұл салды
Фото ашық дереккөзден

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзу жөніндегі мамандандырылған соты Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімовке қатысты екі әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Дәлірек айтсақ, Мәсімовке ҚР Әкімшілік құқық бұзу жөніндегі кодекстің 234-1 бабы бойынша бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлап, тиімсіз пайдаланды деген әкімшілік айып тағылған.

«Сот полиция департаменті бюджет қаражатын жоспарлаған кезде заң бұзып, қызметтік жануарларға азық алатын кезде бағаны асыра көтермелеп қойғанын анықтады. 2021 жылы қызметтік жануарлардың азығына 60 872 100 теңге бөлінген. Алайда полиция департаменті 18 бас жылқының жем-шөбін 10 693 000 теңгеге артық бағалаған. 2022 жылы да 18 бас жылқы үшін департамент жеп-шөптің бағасын 8 503 400 теңгеге артық жоспарлаған», - деп хабарлады Павлодар қаласының әкімшілік соты.

Осылайша, Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімовтің кінәсі хаттамамен дәлелденген.

«Сот одан әрбір іс бойынша 214 410 теңге көлемінде айыппұл өндіру туралы үкім шығарды», - деп жазады дереккөз.

Айта кетейік, Нұрлан Мәсімовтің өзі қазір өзге қылмыстық істер бойынша тергеуде отыр. 2022 жылы 17 қаңтарда Павлодар облысы полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов қызметінен босатылған еді. Сол жылы маусымда Павлодар облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланған болатын. Оған аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылды.

Кейін іздеу жарияланған Нұрлан Мәсімов туралы ақпарат берген адамға 12 млн теңгеге дейін сыйақы берілетіні хабарланды.

2022 жылы 13 шілдеде ҚР Ұлтық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Нұрлан Мәсімовті Ресей шекарасының маңында ұстады.

Серіктес жаңалықтары