Жауаптылардың айтуынша, иттерді қамап ұстайтын орын жоқ
Солтүстік Қазақстандағы Бәйтерек ауылында қаңғыбас ит 8 сынып оқушысын қауып алды. Қазір елдімекен тұрғындары балаларын мектепке жіберуге қорқады. Өйткені көшеде бұралқы иттер қаптап жүр. Ал әкімдік өкілдері төрт аяқтыларды қамап ұсайтын орын жоқ екенін айтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Бәйтерек ауылының дәл іргесінде заңсыз қоқыс полигоны бар. Ол қаңғыбас иттердің мекеніне айналған. Төрт аяқтылар күні бойы келіп-кеткен көліктерді аңдиды. Өйткені, қоқыс арасынан қорек табады. Адамдардан қорықпайды. Тойып алған соң, айналаны шарлап, ауылға барады. Салдарынан тұрғындар көшеде емін-еркін жүруден қалған.
«Қаңғырған ит соңғы кезде өте көбейіп кетті. Үш қызым бар. Жалғыз жіберуге қорғамын. Бәрін мектепке апарып, алып келеміз. Жуырда бір баланы, одан соң әкесін қапты. Ол ит үнемі көше кезіп, қаңғырып жүреді. Ауылдастардың бірі аяп, тамақ беріп жатқанын көрдім», - дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Гүлдана Қайықпаева.
БАЛАНЫ ҚАПҚАН ИТ ӘЛІ ДЕ ҚАҢҒЫРЫП ЖҮР
Қаңғыбас ит 8 сынып оқушысы Ерсұлтан Серікті қауып алған. Қазір жасөспірім құтырма ауруына қарсы екпе алып жүр. Барлығы 6 доза. Әзірге жартысы ғана бітті. Ата-анасы күн сайын көлік жалдап, аудан орталығындағы емханаға барады.
«Сабақтан кейін бейқам келе жаттым. Сыртымнан келіп байқатпай тістеп алды. Қолымдағы сөмкеммен ұрғыладым. Ит бұлшық етті тістеген күйі бірнеше секунд тұрды. Аяғымды әзер айырып алдым. Үйге қаным сорғалап жеттім», - дейді жапа шегуші.
Ерсұлтанды қапқан ит әлі қаңғырып жүр. Тағы неше адамға зиянын тигізетіні белгісіз. Қазір баланың аяғындағы жарасы жазыла бастаған.
«Баламды мектепке, жаттығуына өзім апарамын. Көшеде таяқсыз жүрмейміз. Ең қауіптісі - иттер топтасып алған. Олардан бәрін де күтуге болады. Осы Бәйтерек ауылына екі жыл бұрын Есіл ауданынан көшіп келдім. 30 тауығым бар еді. Қазір 5-6 қалды. Себебі ит жеп қойды. Түнде төрт аяқтылар тіпті қаптайды. Далаға шығуға қорқамыз. Баламды қапқаннан кейін учаскелік полицейге, әкімлікке шағымдандым. Олар итті ата алмайтындарын айтып отыр. Себебі, заңға қарсы шыға алмайды. Өзім де ештеңе істей алмаймын», - дейді Ерсұлтанның әкесі Темірболат Өтетілеуов.
Бәйтерек ауылында ғана емес, қала маңындағы елдімекендерде де қаңғыбас иттердің көбейіп кеткені аңғарылады.
«Ит деген қаптап жүр. Көзіміз әбден үйреніп қалды. Кейде балалар тентектікпен өздері ыза қылып жатады. Олар қора сартындағы пішендерде ұйықтайды. Себебі ық. Сосын ол шөпті мал жемейді. Иттің исі сіңіп қалады. Оларды иелері қаңғыртып жіберіп отыр деп ойлаймын. Себебі азық тауып беру қиын. Асырай алмайтын болса, несіне ит алып, кейін қуып шығатынын түсінбеймін», - дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Әтіргүл Мырзақұлова.
«Ит көбейіп кетті, қиын жағдай. Өйткені, адамдарға қауіп төндіріп жатыр. Әсіресе балаларға. Олар мектептен кеш шығады. Құзырлы органдар ретін тауып, бұл мәселені жүйеге келтіруге міндетті деп есептеймін», - дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Бақыт Сыздықов.
ИТТЕРДІ ҚАМАП ҰСТАЙТЫН ОРЫН ЖОҚ
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес салпаңқұлақтарды атуға тыйым салынған. Әкімдік өкілдері оларды ұстайтын арнайы орын жоқ екенін алға тартып отыр.
«Заңнамаға өзгерту енгізілгеннен бері ит иелеріне қатысты 17 әкімшілік хаттама толтырылды. Өйткені, олар талаптарды сақтамайды. Иттері көше кезіп жүреді. Қаңғыбас иттердің көбеюіне де кейбір тұрғындар айыпты. Өйткені қуып жібереді. Ал ауданда оларды уақытша болса да қамап ұстайтын орын жоқ. Қазір осы мәселемен айналысып жатырмыз. Кәсіпкермен келіссөз жүргізілуде. Оған арнайы жер белгілеп, күтім жасау жағын қамтамасыз ету керек. Қаңғыбас иттерге басқа ештеңе істей алмаймыз. Заңға қайшы шықпаймыз», - дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева.
Қаңғыбас иттер түрлі инфекцияның таралуына себеп болатыны белгілі. Құтырма жұқпалы аурулардың ішінде өлімге әкелетін дерт. Жапа шеккен адамға алғашқы сағаттарда медициналық көмек көрсету маңызды.
«Солтүстік Қазақстан облысы – құтырманың табиғи ошағы аймағында орналасқан. Өңірімізде табиғи ошақтардың эпизоотиялық белсенділігі қыс-көктем мезгілінде байқалады. Қауіпті вирус жабайы жануарлар, иттер, мысықтар, мал арқылы таралады. Олармен қарым-қатынас – адамның ауруға шалдығу қаупін жоғарылатады. Өңірде белсенді профилактикалық жұмыстардың арқасында адам арасында 1998 жылдан бері құтыру ауруы тіркелмеген. 2022 жылы облыс бойынша құтырмаға қарсы екпе алу үшін 1255 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Қаңғыбас иттер көп болғандықтан, облыс аудандарының басым бөлігінде ит тістегендер саны азаймай отыр», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағындықова.
Биыл өңірде қаңғыбас иттерге екпе салуға және зарарсыздандыруға 10 млн теңгеден астам ақша бөлінді. Әр жануарға 30 мың теңге жұмсалатынын ескерсек, бұл сома 360 итке ғана жетеді.