Қаржы вице-министрі мемлекеттік сатып алу саласындағы өзекті үш мәселені атады

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, мемлекеттік сатып алу сайтында әлеуетті өтінім берушілер көбіне үш мәселе бойынша шағым түсіреді

Фото ашық дереккөзден

2022 жылы мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі шағымдар саны 26 мыңға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 13 мыңға азайған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ең алдымен, біз шағым мен өтініштің аражігін ажыратып алуымыз керек. Шағым дегеніміз - әлеуетті өнім берушілердің тапсырыс берушінің қорытындысымен келіспеген жағдайда жасайтын әрекеті. Яғни, мәселен, тапсырыс беруші жеңімпаз деп бір компанияны таныса, онымен келіспеген екінші компания осы мәселе бойынша шағым беруге құқығы бар. Бұл - біздің мемлекеттік сатып алу жүйесінің ашықтығының белгісі», - деді Дәурен Кеңбейіл. 

Вице-министр шағымдардың түрін үш санатқа бөлді.

«Ең көп шағым түсетін бағыт - жұмыс өтілінің дұрыс есептелмеуіне қатысты. Мәселен, бір компанияның жұмыс өтілін тапсырыс беруші бес жыл деп есептесе, ол компания жұмыс өтілім сегіз жыл деп шағымданады.

Екінші жиі түсетін шағым түрі – өтінішті негізсіз қайтаруға қатысты. Яғни, бір компания ұсыныс берсе, оны конкурстық комиссия негізсіз қайтарып жіберуі мүмкін. Бұл жағдайда да компания шағым түсіре алады. Үшінші – жоғары талаптар. Конкурстық комиссиялар кейбір конкурстардың техникалық сипаттамасына жоғары талап қоюы мүмкін. Ол жағдайда да әлеуетті өтінім берушілер шағымдана алады. Осы үш бағыт бойынша жиі шағым түседі», - деді ол.

Дәурен Кеңбейіл мәлім еткедей, 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы шағымдар саны 13 мыңға қысқарған. Яғни, 2021 жылы шағымдар саны 39 мың болса, былтыр шағымдар саны 26 мың болған.