Балтық жағалауы елдеріне Ресейдің әскери қаупі артып келеді – Эстония барлау агенттігі

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Балтық елдерінде Ресейден төнген қауіп туралы жиі айтыла бастады

Фото: Reuters

Балтық жағалауы елдерімен Ресейдің арасы күн өткен сайын шиеленісіп барады. Эстония, Латвия және Литва елдерінің күн тәртібінен Ресей тарапынан төнген қауіп туралы талқылаулар түсер емес, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Америка дауысы» басылымына сілтеме жасап.

Эстонияның сыртқы барлау қызметі Ресейдің Балтық жағалауы елдеріне «әскери қысымының» қаупі және бұл елдер үшін қауіпсіздік қаупі орта және ұзақмерзімді перспективада өсті деп есептейді. Бұл туралы Эстонияның сыртқы барлау қызметінің жылдық есебінде де айтылды.

«Ресей Балтық елдерін НАТО-ның ең осал бөлігі деп санайды, ал НАТО мен Ресей арасындағы қақтығыс болған жағдайда, соңғысы өзінің әскери күш-жігерін Балтық жағалауы елдеріне шоғырландырады», - делінген құжатта.

Эстония барлауының пікірінше, Ресейдің Украинаға қарсы соғысына байланысты «2023 жылы Эстонияға әскери шабуыл жасауы екіталай», бірақ «орта және ұзақмерзімді перспективада Ресейдің милитаризациясы және оның сыртқы саяси амбициясы тәуекелдерді едәуір арттырып отыр» делінген.

Эстония ғана емес, Ресеймен дипломатиялық қатынастардың деңгейін Латвия да төмендетті. Тіптен Ресей елшісіне Ригадан 24 ақпанға дейін кетуге бұйрық берілді. Латвия Таллин мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық қақтығыста Эстонияны қолдады. Эстонияға қолдау білдірген Латвия Ресей елшісі Ригадан 24 ақпанға дейін кетуі керек деп мәлімдеді. Латвияның Сыртқы істер министрі Эдгар Ринкевич бұл қадамды солтүстік көршісімен бір үстанымда екенімен түсіндірді.

«Ресейдің Украинаға қарсы зорлық-зомбылық агрессиясының жалғасуына байланысты және Эстониямен ынтымақтаса отырып, Латвия Ресейден тиісті түрде әрекет етуді талап етіп, 24 ақпаннан бастап Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынас деңгейін төмендетеді», - деп жазды  Ринкевич.

Ресейдің агрессиясынан қауіптенген Эстония 300 км дейін ұшатын HIMARS кешендерін 200 миллион долларға сатып алатынын жариялаған еді.