Алматы облысының тұрғыны өзін полицейлер ұрлап әкетіп, ақша бопсалағанына шағымданды

Автор: Azattyq Rýhy

Видео авторының шағымы бойынша облыстық ПД қылмыстық іс тіркеді

Фото ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде Жетіген ауылы азаматының өзін ағасымен бірге Алматы облысы ПД қызметкерлері ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, қинап 2 млн теңге бопсалағанын айтқан видеосы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Ер адам видеода ақшаны алған соң ол адамдар өздерін жібере салғанын айтады.

Алматы облысы ПД желідегі аталған видеоға қатысты түсінік берді.

«Видео авторының шағымы бойынша облыстық ПД қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі уақытта өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері барлық тергеуге қажетті іс-шараларын жүргізуде. Шағымданушының дәлелдері расталса, кінәлі лауазымды адамдарға қатысты қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес шаралар қабылданатын болады», - деді полициядағылар.

Сонымен қатар, ПД көрінеу жалған ақпарат жасаған және жалған айғақтар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын да ескертеді.

Тергеу мүддесіне сай өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.