Күдікті деп танылған жүргізушінің ісі сотқа жолданды
Алматыдағы адам өліміне себеп болған автобус апатын тергеу аяқталды. Бұл туралы Алматы прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында №98 автобустың жүргізушісі А. күдікті деп танылды және оның әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сараланды.
«2023 жылғы 7 ақпанда қала прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын зерделеу нәтижелері бойынша, №98 автобусының жүргізушісі А., ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша (Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзуы) сотқа жолданды», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, автобус апаты 2022 жылғы 8 қарашада Абылай хан даңғылы мен Төлеби көшесінің қиылысында орын алған. №98 және №201 автобустары соқтығысып, салдарынан 20-дан астам адам зардап шегіп, бір адам қайтыс болды.