Еділ Жаңбыршин: Ұлттық болмысымызды сақтаудың бір жолы – ауылды дамыту

Автор: Azattyq Rýhy

Ол өз сөзінде ауыл адами капиталдың қайнар көзі екенін айтып өтті

Фото: «AMANAT» партиясы

Егер біз, әділ мемлекет, әділ экономика, әділ қоғам құрамыз десек, онда ең бірінші ауылды аяғынан тұрғызуымыз қажет. Әділдік сонда ғана болады. Бұл туралы «AMANAT» партиясының мүшесі Еділ Жаңбыршин партияның кезектен тыс XXV съезінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ол өз сөзінде ауыл адами капиталдың қайнар көзі екенін ескеріп, партияның ауылдарды дамыту жолындағы жұмыстарына тоқталып өтті.

«AMANAT» партиясы әрқашан ауылға аса мән беріп, ондағы ағайынның мұқтаждықтарын шешуге қызмет етеді. Ұлттық болмысымызды сақтаудың, тарыдай шашып алмауымыздың бір жолы – ол ауылдағы инфрақұрылымды дамыту. Осы мақсатты іске асыру үшін «AMANAT» партиясы алдағы 5 жылда жүйелі жұмыс істейді. Сондай-ақ жеке шаруашылықты қолдау үшін «Ауыл аманаты» жобасын бастап кетті.  Бұл жоба ауыл шаруашылығы өндірушілерін жан-жақты қолдауға және ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тартуға мүмкіндік береді.

Тағы бір жақсы үрдіс бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен өз ауылдарын дамыту үшін инвестиция тарту, көп жағдайда өздерінің жеке қаржыларын салып, ауыл-аймақты ұйымдастырып, халықтың жағдайын жасап, үлгі көрсетіп отырған кәсіпкерлер бар. Соларды қолдайық. Бәріміздің мойнымызда үлкен парыз бен қарыз бар, ол – ауылды көркейту», - деді Еділ Жаңбыршин.