Маңғыстауда азық-түлік бағасын реттеу бойынша жұмыс нәтиже берген жоқ - Жұманғарин

Автор: Әйгерім Ердәулет

Өңірде бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға көзделген 3,6 млрд теңгенің 2 млрд теңгесі игерілмеген

Фото ашық дереккөзден

Маңғыстау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын реттеу жөніндегі шараларды талдау барысында бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыруға көзделген 3,6 млрд теңгенің 2 млрд теңгесі игерілмеген. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы көкөністерді жеткізуге жасаған 5 қолданыстағы Шарттың тек біреуі ғана өндірушімен жасалған, қалған 4 шарт көтерме саудагерлермен жасалған. Өңірлік комиссиялардың отырыстарында өңірде жұмыс істеп тұрған 60-қа жуық көтерме саудагердің аясында барлығы 4 көтерме саудагермен жұмыс жүргізілді. Өнімсіз делдалдарды анықтау және жою бойынша жұмыс нәтиже көрсеткен жоқ! Жалпы, осы өңірдегі жаңа тәсілдер аясындағы жұмысты қанағаттанарлықсыз деп санаймыз»,-деді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Серік Жұманғарин Ұлытау облысы да бағаның өсуі бойынша көшбасшы болып тұрғанын айтты.

«Бір жағынан, аймақ логистика тұрғысынан тұйық, сонымен бірге әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен жергілікті бизнестің жұмысы әлі жолға қойылмаған. Қаңтар айында регкомиссиялардың 10 отырысы өткізілді, алайда жұмыс нәтижелері шамалы»,-деді ол. 

Ал Астана қаласында «айналым схемасы» тетігі бойынша қаржыландырудың бөлінген сомасы 14 млрд.теңгені құраған. Бірақ өңір 2022 жылдың қорытындысы бойынша да, ағымдағы жылдың басынан бері де бағаның өсуі бойынша көшбасшылар үштігінде қалып отыр.