Ата-әженің немерелерімен араласуына қатысты жаңа норма енгізілуі мүмкін

Автор: Әйгерім Ердәулет

Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жаппай қоғам талқылауына ұсынылды

Фото ашық дереккөзден

Ата-әженің немерелерімен араласуына қатысты жаңа норма енгізілуі мүмкін. Бұған қатысты құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жаппай қоғам талқылауына ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл өзгеріс «Неке және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне ұсынылып отыр.

Толықтырылған 73-1-бапта «Атасының, әжесінің, бауырларының және басқа туыстарының баласымен қарым-қатынас жасау құқығы» деп аталады.

«Аталар, әжелер, бауырлар, әпкелер және басқа туыстар баламен араласуға құқылы. Ата-аналар (олардың біреуі) баланың жақын туыстарына онымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігін беруден бас тартқан жағдайда, дауды ҚР Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайтын тәртіппен қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган шешеді. Қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның шешімімен келіспеген жағдайда, дауды медиация тәртібімен немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын осы органның қатысуымен сот шешеді», - деп жазылған құжат жобасында.