Бүгін елімізде жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына өтінім беру басталып, 18 секундта аяқталды
Бүгін санаулы секунд қана жұмыс істеген жеңілдетілген автонесиеге өтініш беру тетігі көптің күмәнін тудырды. Қазақстандықтардың басым бөлігі өтініші қабылданғандардың әділ жолмен кезекке тұрғанына сенбеуде.
«Kazdream» IT-холдингінің маманы Нәдірбек Нұрлыбеков өзі де autonesie.kz сайты арқылы өтініш беріп көргендердің бірі. Алайда ол да жолы болған 761 адамның қатарына ілінбепті.
«Меніңше, сайтта техникалық ақау болды. Мен өзім де өтініш беріп көргендердің бірімін. Таңғы 9 сағат 59 минутта мен дайын отырдым. 10:00-де мен бірден өтінішті жібердім. Офертаға ЭЦҚ арқылы қол қою кезеңіне дейін жеттім. Қол қойылмады, «Произошла ошибка» деп шықты. Демек мен үлгердім. Ал 10 минуттан кейін лимит бітті деп тұрды», - дейді ол.
Әдетте азаматтар тарапынан өтініш беретін сайттарға кибер шабуылдар жасалатынын жиі естіп жатамыз. Бірақ Нәдірбек Нұрлыбеков айтуынша, дәл бүгін ондай жағдай болған жоқ.
«Ол сервердегі қателер болуы мүмкін. Менің байқағаным, autonesie.kz-те бағдарлама құлаған жоқ, ол өзіне жүктелген міндетті атқарып тұрды. DDoS-шабуыл деген бар. Ол желінің қабылдау қабілеттілігінен асатын көптеген сұраныстарды беру арқылы сайттың жұмысын бұғаттау әдісі. Боттар арқылы секундына миллиондаған сұраныстар жіберуі мүмкін. Autonesie.kz сайты ондай шабуылдан қорғану тәсілдерін жақсы жақсаған. Мәселен ЖСН-ды жазғаннан кейін сайтты шынымен де адам қолданып отырғанын дәлелдеу үшін белгілі команданы орындау керек. Бұл сондай шабуылдардың алдын алады», - дейді IT маман.
Дегенмен IT маман аталған бағдарламаны жасаушылар өз мүмкіндіктерін пайдалану арқылы адамдардың өтінішін өздері де өткізе алатынын айтады.
«Бағдарламаны жасаушылар оп-оңай өз адамдарын өткізе алады. Бұл мүмкін жағдай. Өйткені бұл солардың қолында тұрған нәрсе. Қажет болса, ол 10 адамды да, 100 адамды да оп-оңай өткізеді. Сондай-ақ, бағдарламаны жасаушылар өз адамдарының өтініштерін қайдан және қалай бергенін де код арқылы ережеге сай етіп жасауға мүмкіндіктері бар», - дейді Нәдірбек Нұрлыбеков.