Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Әлеуметтік желіде жасөспірім кәмелетке толмаған баланы жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген видео жарияланды. Полиция аталған жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция бейнежазбада көрсетілген тұлғаларды анықтағанын хабарлайды. Екеуі де Талдықорған қаласының 13 және 15 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімдері болып шықты.
Бейнежазба 2022 жылдың желтоқсанында жасалғаны белгілі болды. Жасөспірімдер ата-аналарымен бірге қалалық полицияға жеткізілді. Мұндай жағдайда балалар психологы, заңды өкілдер, педагогтар мен адвокаттардың міндетті түрде қатысуымен сауалнама жүргізіледі.
«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлімінде «Жас балаға қатысты, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» көзделген сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген полиция хабарламасында.
Қылмыстық істі тергеу облыстық тергеу басқармасының өндірісіне алынды және полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.