Съезде Мәжіліс пен мәслихаттарға депутаттыққа кандидаттар іріктелді
Партияның Мәжіліс пен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауына қатысуы туралы ұсынысты «Ақ жол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев шығарды. Съездің барлық қатысушысы дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Шешім қабылданды. Партия алдағы сайлауға қатысады», - деді партия жетекшісі Азат Перуашев.
Депутаттық орынға үміткерлердің тізіміне 54 адам енді. Олардың қатарында Азат Перуашев, Дания Еспаева, Қазыбек Иса, Әлия Рақышева бар. Ең қызығы тізімде Қайрат Боранбаев та бар. Алайда бұл қазір тергеуде жүрген танымал кәсіпкердің аттасы ғана.
«Кез келген билеуші партия билігін ерте ме, кеш пе жоғалтады. Бұл – заң. Мәңгілік билікте болатын бірде-бір ел, бірде-бір партия жоқ. Ерте ме, кеш пе олар ұтылады, олардың орнына басқа партиялар келеді. Ол біз болуымыз керек», - деп қорытындылады Перуашев.
Сондай-ақ съезде партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданды.