$ 503.42  542.08  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Енді министрлердің халықпен кездесуі мен оның нәтижелерін АҚДМ бағалайды

Министр халықпен кездесу өткізу бойынша бірқатар бастамасын ұсынды

Енді министрлердің халықпен кездесуі мен оның нәтижелерін АҚДМ бағалайды
Фото ашық дереккөзден

Министрлердің халықпен кездесуіне және оның нәтижелеріне енді АҚДМ баға беріп отырады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Дархан Қыдырәлі 2022 жылдың 9 тамызындағы Үкімет отырысында берген бірқатар тапсырма уақытылы орындалғанын айтты.

«Мәселен, мемлекеттік органдардың ашықтығын бағалау әдістемесіне «Халықпен кездесу» атты жаңа индикатор енгізілді. Енді министрлердің халықпен кездесуі мен оның нәтижелерін АҚДМ бағалайды. Сондай-ақ Жарлық талаптарына сәйкес, Үкімет қаулысымен Орталық атқарушы орган басшыларының халықпен 2023 жылға арналған кездесу кестесі бекітілді», - деді министр.

Дархан Қыдырәлі былтырғы тәжірибені негізге ала отырып, халықпен кездесу жайында бірнеше ұсынымын да ортаға салды.

«Мәдениет үйлерінде және Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ғана халықпен кездесумен шектелмей, азаматтардың өтініштерінде көрсетілген проблемалық мекенжайларға барып, жағдайды көзбен көрген абзал деген ойдамыз. Министрлердің өңірлерге сапарын тек орталық атқарушы органдардың сайттарында ғана емес, жергілікті деңгейде, әсіресе өңірлік БАҚ-та және әлеуметтік желілердегі танымал парақшарларда жиі жариялауды қамтамасыз еткен жөн», - деді ол.

Министр атағандай, Үкімет қаулысымен бекітілген кесте министрлердің ғана халықпен кездесуін реттейді.

«Жарлық талаптарына сәйкес, министрлермен қатар, вице-министрлер мен ведомство төрағаларының да өңірлерге шығуы қажет деген ойдамыз. Сондықтан мемлекеттік органдар вице-министрлер мен комитет төрағаларының кездесулері жөніндегі ведомстволық жоспарларды бекітіп, министрлердің кездесуімен қатар, АҚДМ-ге әрбір кездесу бойынша есеп бергені дұрыс деген ойдамыз. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысы арқылы көздеген мақсатқа қол жеткізе аламыз деп есептейміз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары