Қыздар университетінің студенттері жөндеу жүріп жатқан жатақхананы тазалауға мәжбүр

Автор: Әсел Оршыбекова

Студенттерді жұмысқа жеккен кім? Жатақхана қызметкерлері ме, әлде университет басшылығы ма?

Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің №3 жатақханасында оқу жылының ортасында жөндеу жұмыстары басталған. Ал студенттер жуынып-шайыну үшін өзге жатақхананың есігін сығалауға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Студенттер университеттің басқа жатақханаларына барып, душ қабылдау үшін кезекте тұруға мәжбүр. Содан кейін олар жартылай дымқыл күйінде, өз жатақханаларына қарай жүгіреді, ал егер олар ауырып қалса не болмақ? Оған кім жауап береді? Студенттер туралы ешкім ойламайды», - деп шағымданды алматылық студент.

Бұдан бөлек, Ztb.kz сайтының телеграм каналына шыққан видеодан студенттердің жатақхананы жуып тазалап жатқан сәттерін аңғаруға болады. Шағымданушының айтуынша, студенттерді ғимараттың ішін тазалауға заңсыз мәжбүрлеген.

«Еліміздің заңнамасында мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған емес пе? Заң бойынша студентке оқуға және жатақханада тұруға тиісті жағдай жасалу міндетті емес пе? Ғылым және жоғары білім министрінен университет басшылығының қызметіне назар аударып, олардың ісіне құқықтық баға беруін сұраймыз. Университеттің басқа да жүйелі мәселелері туралы білу үшін студенттер мен оқу орнының қызметкерлері арасында анонимді сауалнама жүргізуді сұраймыз», - делінген постта.

Azattyq Ruhy тілшісі аталған мәселеге қатысты оқу орнының баспасөз хатшысына хабарласты, алайда ол «іс қаралып жатыр» деген жауаппен ғана шектелді. Ал студенттерді жұмысқа жеккен жатақхана қызметкерлері ме, әлде университет басшылығы ма, әзірге белгісіз.