2022 жыл ішінде шетел азаматтарымен отбасын құрған 105 неке тіркелген
2021 жылы шетел азаматтарымен көңіл жарастырған 120 неке тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар қалалық АХАТ бөлімінің басшысы Ерболат Қалиевтің мәліметінше, оның ішінде 66 жігіт шетелден келін түсірсе, 54 қыз көршілес елдің азаматтарымен отбасын құрған.
«Олардың көбі Ресей Федерациясының азаматтарымен көңіл жарастырған. Одан бөлек, бұл қатарда Қырғызстан, Грузия, Беларусь, Әзербайжан сынды мемлекеттердің азаматтары да бар», – деді Ерболат Қалиев.
Бөлім басшысының айтуынша, 2022 жыл ішінде шетел азаматтарымен отбасын құрған 105 неке тіркелген. Осылайша оның алдындағы жылмен салыстырғанда шетелдіктермен некелескендер саны азайған.
Былтыр шетелдіктермен көңіл қосқан жігіттер мен қыздардың қатары теңескен. Яғни, 53 жігіт өмірлік жарын өзге мемлекеттен таңдаса, 52 қыз шетел жігітімен көңіл жарастырып, тұрмысқа шыққан. Шет мемлекетке ұзатылған қыздардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар.
Айта кетейік, былтыр Павлодар қаласы бойынша жалпы 2420 неке тіркелген. Оның ішінде шетел азаматтарымен некелескендердің көбі – 25-60 жастағылар.