«Үміткерлер қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болғаны жөн»: Президент алдағы сайлау туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы татулық пен тұрақтылықтың ең асыл құндылық екенін еске салды

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс пен мәслихат сайлауы Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы екенін айта келе, сайлаудың елді біріктіретін науқан екенін еске салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

«Бірнеше аптадан кейін саяси науқан басталады. Кандидаттар үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Олар дауыс жинау үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Бұл – қалыпты демократиялық үдеріс. Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс-әрекетке рұқсат беріледі. Дегенмен, бір нәрсені бәріміз қаперде ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек. Тағы да айтқым келеді: үміткерлер қоғамға іріткі салатын әрекеттен аулақ болғаны жөн. Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізеді. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылай деген Мемлекет басшысы плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Бізде саяси көзқарасы әртүрлі партиялар бар. Кандидаттардың түрлі мәселе бойынша ұстанымдарының бірдей болмауы да заңды құбылыс. Бірақ, көзқарастары мүлде қабыспайтын ымырасыз қарсыластардың өзіне ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің қасиетті Отанымыз және қастерлі Тәуелсіздігіміз. Мен бұл туралы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда айттым. Өйткені, Тәуелсіздік үшін күрес күнделікті еңбекпен және елдік саясатпен тығыз байланысып жатыр. Болашақтың алдында бәріміз бірдей жауап береміз. Кейінгі ұрпақ кімнің саяси ұстанымы қандай болғанына мән береді. Аға буынның оларға қандай мемлекетті мирас еткеніне қарап, бүгінгі күнін бағалайтын болады. Сондықтан, біз ортақ мақсат жолында бірігуіміз керек», - деді Президент.

Ол кез келген саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиеттің әлдеқайда биік тұруға тиіс екенін атап өтті.

«Қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал, сенім – бұл аса маңызды құндылық. Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтқан. Заңды сыйлайтын елдің қашанда ұпайы түгел.

Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық ең асыл құндылық екеніне бәріміз көз жеткіздік. Тыныштық болмаса, басқа табыстың бәрі бір сәтте құрдымға кететінін көрдік. Біз ел бірлігінің арқасында барлық қиындықты жеңіп келеміз. Сондықтан, барды бағалап, ырысты ынтымағымызды қорғау – бәрімізге ортақ қасиетті борыш. Біз бір-бірімізге қамқор, жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек. Қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы. Біз не істесек те, ел мүддесі үшін жасаймыз. Мақсатымыз – Қазақстанды тұғыры берік, экономикасы қуатты, рухы асқақ, бірлігі бекем мемлекет ретінде ұрпаққа табыстау. Осы тарихи міндетті бәріміз бірге абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін», - деп сөзін түйіндеді Қ. Тоқаев.