Азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектеген меморгандарға жауапкершілік күшейтіледі - министр
Дархан Қыдырәлі «Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі» заңға түзетулер әзірленіп жатқанын айтты

Өңірлік мерзімді басылымдар форумында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшейтілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Біз журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң қабылдауды көздеп отырмыз. Халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген жаңа заң таяуда жұртшылық талқылауына шығарылды. Ол кеңінен талқыланып жатыр. Бұл заң жобасы кәсіби журналистің қоғамдағы орнын айқындап, әлеуетін көтереді деп ойлаймыз», - деді Дархан Қыдырәлі.
Министр атап өткендей, «Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі» заңға түзетулер әзірленіп жатыр.
«Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Енді журналистің сауалына міндетті түрде жауап беріледі. Жауап беру мерзімі қысқарады. Қазір 7 күн болса, енді ол 3-5 күн болып қысқарады. Сонымен қатар, жауап бермейтін мемлекеттік қызметшілер жауапкершілікке тартылады. Мұның барлығы журналистің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында жасалып отыр», - деді Дархан Қыдырәлі.