Бейнежазбаны желіде бір тәулікте 3 млн адам қараған
Алматыда 4-сынып оқушысы қалада өткен іс-шаралардың бірінде «Ұстазым» әнін орындаған әншіге орта жолдан қосылып, жұрттың назарын өзіне аударды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Бейнежазбаны әлеуметтік желіде бір тәулікте 3 миллион адам қарап, 10 жастағы бүлдіршіннің ерекше дауысына сүйсінген. Айбар дәл осы байнежазба арқылы танымал боламын деп ойламағаны анық. Алайда сүйкімді бүлдіршіннің белгілі әнді кәсіби мақаммен орындауы көпшілікті бейжай қалдырмады. Димаш Құдайбергеннің болашақ ізбасары деп үміт еткендер де бар. Осынша ықыласқа Айбардың өзі де аң-таң.
«Өте күшті сезімдемін. Себебі менің қасымда әнші тұрды. Ол әнші өте танымал. Мен футболға қатты құмармын. Математикадан олимпиадаға қатысқанда бірінші орын алып келдім. Болашақта ән айтатын футболист немесе футбол ойнайтын әнші боламын», - дейді №201 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы Айбар Әбдіәмит.
Айбар – жан-жақты бала. Математика пәнін жан-тәнімен жақсы көреді. Футбол десе ішкен асын жерге қояды. Мектепте актерлік шеберлік үйірмесіне қатысады. Отбасындағы төрт баланың екіншісі. Бір қызығы, Айбардың әкесі де ән салғанды ұнатады. Бірақ бала арманын артқа тастап, басқа саланың тізгінін ұстаған Нұрлан «Өмірлік жолын таңдауды баламның өзіне қалдырамын» дейді.
Айбардың танымал болуына себепкер болған әнші Самат Жанғазин оның болашағына зор үміт артатынын айтады. Оның дауысымен жұмыс істеп, конкурстық әндерге бейімдеу керек екенін айтады.
«Бұлақ көрсең көзін аш» дейді ғой қазақ. Талантты талант деп айту керек. Баланың дауысы зор. «Ұстазым» әнін айтқан кезде дауысын байқадыңыздар. Димаштың жолын берсін деймін», - дейді әнші Самат Жанғазин.
Самат Жанғазин Айбармен бірге дуэт жазуды жоспарлап отыр. Сондықтан бір күнде-ақ көптің көзқуанышына айналған Айбарды үлкен сахнадан көретін күн алыс емес.