Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен Пәкістанның 4 азаматы сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сотталушылар айыбын толық мойындады

Фото ашық дереккөзден

Жамбыл облысы Жамбыл аудандық сотында Қазақстанның мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту бабы бойынша айыпталған 4 тұлғаға қатысты іс қаралды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотталушылар – Пәкістан Ислам Республикасының азаматтары А, А, М. және М. 2022 жылдың қазан айында «Жасөркен» шекара бөлімшесі учаскесінің сол қапталында, өткізу пунктінен тыс жерде Қырғызстан аумағынан мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткен.

Прокурор А, А, М. және М-ға - 6 айға бас бостандығын айыру және 5 жыл мерзімге Қазақстан аумағынан тысқары шығарып жіберу жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушылар айыбын толық мойындады.

Кінә іс аясында жиналған дәлелдемелермен, сотталушылардың айғақтарымен дәлелденді.

Сот жаза тағайындау кезінде олардың шын жүректен өкінуін, кәмелетке толмаған балаларының бар екенін жазаны жеңілдетін мән-жай ретінде таныды.

Ауырлататын мән-жай жоқ.

Сот А, А, М. және М.-ға Қазақстан аумағынан 5 жыл мерзімге шығарып жібере отырып, 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енді.