Шекарашы өліміне қатысты істің деректерін жария еткен адвокат жазалануы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Пірәлиев сарапшылар марқұмның аузынан ер адамның биоматериалын тапқанын айтқан болатын

 

Фото ашық дереккөзден

Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізді деп айыпталғанның мүддесін қорғаушы, адвокат Сержан Пірәлиев қылмыстық істің деректерін жария еткені үшін жазалануы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Polisia.kz-тің жазуынша, 20 қаңтарда адвокат әскерге шақырылушының өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша баспасөз конференциясын өткізді.  Ол ДНК талдау кезінде анықталған фактілерге тергеушілердің назар аударуын сұрады. Сондай-ақ Пірәлиев сарапшылар марқұмның аузынан ер адамның биоматериалын тапқанын айтты.

«Пірәлиев өз тұжырымдары мен шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпаратты айтып, қылмыстық істің деректерін жария етті. Сонымен бірге ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілуге жатпайды. Осыған байланысты адвокаттың қызметтік этика нормаларын бұзу фактісі бойынша материалдар қылмыстық қудалау органында белгіленген тәртіппен тіркеліп, уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне қызметтік тергеу жүргізу үшін жолданды», - делінген хабарламада.

  Тақырыпқа орай: Таразда асылып өлген сарбаздың аузынан, іш киімінен бірнеше адамның шәуеті анықталды

Айта кетсек, 2022 жылы 19 тамызда Жамбыл облысы Жамбыл ауданында орналасқан Шөлдала шекара бөлімшесінде әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсады. Ол белбеуіне асылулы тұрған күйінде табылды.