Тоқаев Air Astana қызметіне оң баға берді

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысына компанияның қаржылық көрсеткіштері мен жоспары баяндалды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Air Astana президенті Питер Фостерді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Air Astana әуе компаниясының 2022 жылғы операциялық және қаржылық көрсеткіштері жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ компанияның 2023-2027 жылдарға арналған жоспары баяндалды.

«Air Astana компаниясы өз әуе паркін Airbus A320 және Boeing 787 Dreamliner секілді жаңа буын ұшақтарымен толықтыруды жоспарлап отыр. Бұл ұшақтар елімізге 2025 жылы жеткізіледі», - делінген хабарламада.

Питер Фостер компанияның бөлімшесі Fly Arystan лоукостерінің жұмыс перспективасы және 2024 жылы IPO-ға шығуға дайындық туралы баяндады.

Президент Air Astana қызметін оң бағалап, компанияның ұшақ санын арттыруды және ұшу географиясын кеңейтуді көздейтін стратегиясына оң баға берді.

Сондай-ақ кездесу барысында жолаушылар санын арттыруға бағытталған әуе компаниясының баға саясаты талқыланды.