Мьянмада құлдыққа түсіп қалған қазақстандықтар елге жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Оларды Қазақстан консулы Таиланд шекарасына барып алып кеткен

Фото ашық дереккөзден

Мьянмада құлдықтан босап шыққан қазақстандықтар елге жеткізілді. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Жақында еліміздің екі азаматы Қазақстанға жетті. Жұма күні туыстары хабарласып, Мьянмадағы компаниядан қашып шыққандары туралы айтты. Біздің консул дереу Таиландтың шекарасына барып, Мьянмадағы шағын қалашықтың шетінен оларды алып кетті. Осы орайда оларға қауіпсіз жерге жасырынуға нұсқау бердік. Өйткені аталған компания өкілдері оларды іздейтін болса, бұл азаматтарды дереу тауып алатыны анық еді. Жергілікті тұрғындар да осы компанияға көмектесуі мүмкін еді», - А. Смадияров.

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары Бангкокке жеткізілгеннен кейін, олардың құжаттары рәсімделген. Көші-қон заңнамасын бұзу дерегіне қатысты айыппұлдары төленді.

«Сонымен қатар оларға Қатар арқылы әуе көлігімен ұшып келу үшін билет сатып алынып, кейін Алматыға жеткізілді», - деді ресми өкіл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 16 қаңтарда ҚР Сыртқы істер министрлігі БАҚ өкілдеріне Таиланд пен Мьянма елдерінде құлдыққа тап болғаны туралы мәлімдеген қазақстандықтардың жағдайы туралы мәлімет берді.