Қарағандыда газ баллоны жарылып, екі адам ауруханаға жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр

Фото ашық дереккөзден

Қарағандыда газ баллоны жарылып, екі адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен  мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға бүгін, 21 қаңтар күні сағат 18:51-де Қарағанды қаласындағы Щорс көшесі, 37-үйде болды.

«Екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылды (көлемі 5 л). Өрт болған жоқ. Жарылыс салдарынан №6 (2-ші қабатта) және ішінара №4, 5 (2-қабатта) және 3 (1-қабатта) пәтерлерде ағаш қабырғалар қирап, алдын ала болжам бойынша үйдің 36 шаршы метр алаңы бүлінді», - делінген хабарламада.

Жарылыс салдарынан 53 жастағы ер адам мен 54 жастағы әйел зардап шекті. Олар күйік жарақаттармен Қарағанды қаласындағы облыстық медицина орталығына жатқызылды.

Оқиға орнында облыстық ТЖД-нің 36 қызметкері және 8 техникасы жұмыс істеді.

Қала әкімдігі баспаналары бүлінген тұрғындарға жатақханадан орындар ұсынды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.