Қостанай облысында 100 келіден астам есірткі жойылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жедел алдын алу шарасы барысында тәркіленген аса ірі мөлшердегі есірткі заты қоқыс полигоны аумағында өртелді

фото: total.kz

Қостанай полицейлері қылмыстық іс шеңберінде заттай дәлелдемелер ретінде заңсыз айналымнан алынған 100 келіден астам есірткі заттарын жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қарасора 2022» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өңірге есірткі жеткізу арнасының жолын кесті.

«Жедел іс-шараларды өткізу кезінде «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» тас жолының 107 шақырымында Lada Largus көлігін басқарған Қарабалық ауданының 46 жастағы тұрғынын тоқтатты. Тінту барысында көліктің салонынан өсімдік тектес зат салынған үш қап табылған. Сараптама бұл заттың салмағы 100 келіден асатын кептірілген марихуана екенін көрсетті. Алғашқы тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде аталған есірткінің ірі партиясы облысқа еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізілгені анықталды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау және ірі және аса ірі көлемде өткізу» бойынша сотқа жолданды.

Есірткі құралдарын жою акциясы қоқыс полигонының аумағында өтті. Процесті арнайы комиссия бақылап отырды.

Өткен жылы полицейлер 300 келіге жуық түрлі есірткі заттарын жойды.

Тегтер: