«Көлік бағасының өсуіне ықпал етуі мүмкін»: маман автокөліктерді заңдастырудың әсері жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

12 қаңтарда Үкімет шетелде тіркелген автокөліктерді Қазақстанда заңдастыру ережелерін бекітті

Мемлекет басшысының шетелдік автокөліктерді заңдастыру және жолда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша Ішкі істер министрлігі шешім қабылдап, тәртіп бекітті. Экономист маман бұл көлік науқаны нарыққа қалай әсер ететінін айтып берді.  Azattyq Ruhy тілшісі осы мәселелерді бағамдап көрді.

Мемлекет басшысы елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру өткізу туралы жариялаған болатын.

Осы тапсырманы орындау мақсатында қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілді.

200 000 теңге баж – «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы «Қазақстан Республикасының кодексіне» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы «Қазақстан Республикасының Кодексін қолданысқа енгізу туралы «Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңы - 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Ал утиль алымы бойынша 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы - 2023 жылғы 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Үкімет 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын алғашқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекітті.

Ережелер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, яғни бүгін жарияланғанын ескере отырып, олар 2023 жылдың 23 қаңтарында күшіне енетінін және сол күннен бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталады.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, көрсетілген қағидаларда автокөліктер қандай жағдайларда 200 000 теңге алымын төлеп, утиль алымынан босатыла отырып, заңдастыруға жататын нақты өлшемшарттар белгіленген.

  • Біріншісі - көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек;
  • Екіншісі - іздеуде болмауы қажет;
  • Үшіншісі - басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болу тиіс;
  • Төртіншісі - кедендік тазартудан өту керек.

«Ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын, орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автомобильдеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде оң жақты басқару органдары бар автокөліктерге қолданылады. Бастапқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің жасына және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды», - деді Сұлтанбаев.

Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы автоХҚКО-ға жеке жүгіну арқылы беруге болады.

Арнайы автоХҚКО-ларда арнайы секторлар ұйымдастырылады, олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады.

Сондай-ақ сол жерде Әкімшілік полиция қызметкері болады. Олар заңдастырудан өту тәртібін түсіндіріп береді.

Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері де сол жерде болады. Олар қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің тәртібін түсіндіреді.

Заңдастыруға қандай құжаттар тізімі керек:

  • өтініш;
  • өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
  • көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік;
  • көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат.

Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, көрсетілген мерзім ішінде көлік құралы Қағидаларда айқындалған өлшемшарттарға сәйкестігі тексеріледі.

«Яғни, елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінгені, іздестіруде болуы, кедендік тазартудан өтуі, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығару мәніне тексеріледі. Кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе Мемлекеттік кірістер органдарының жүйелері бойынша айқындалады. Бүгінде бұл процесс толығымен автоматтандырылған және автокөліктің шекарадан өту есебі оның ВИН-коды бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар Шекара қызметінде немесе Мемлекеттік кірістер органдарында көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған кезде автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болған күні автосақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша анықталады», - деді Сұлтанбаев.

Автокөлік Интерпол және ТМД базалары бойынша тексеріледі, ал Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік жүйесі бойынша кедендік тазартудан өту тексерледі.

Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, бұл процесс те толық автоматтандырылған.

«Тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш берушіге, яғни оның ұялы телефонына оң нәтиже туралы және көлік құралын тіркеу үшін арнайы АвтоХҚКО келуі туралы қысқа хабарлама жіберіледі. Көлік құралын тіркеуге Арнайы АвтоХҚКО-ға қайта келген кезде көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), сондай-ақ мемлекеттік нөмір (9 660 теңге) мөлшерінде алым төлейді және құжаттардың түпнұсқаларын АвтоХҚКО қызметкеріне тапсырады (шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжат). Тіркеу бекітілгеннен кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірлері беріледі», - дейді ол.

Сұлтанбаевтың айтуынша, шетелдік автокөліктерді осы кездегі заңдастыру жұмыстары бір реттік акция.

«Бұдан былай Қазақстан азаматтары шетелдік есепке алынған автокөліктерді сатып алғаннан кейін оларды Қазақстан Республикасында уақтылы тіркеу туралы талаптарды сақтауы қажет», - деді ол.

Экономист Қуаныш Дүйсенов мемлекеттегі шетелдік көліктерді заңдастыру іс-шарасына қатысты екі тараптан қарасақ та кері әсер берері анық екенін айтады. 

«Әлбетте, белгілі бір деңгейде оң әсері бар. Бірақ жалпы автокөлік нарығына берер әсері теріс болатыны анық. Енді, осы пікірімді негіздеу үшін мәселеге үңілсек. Біріншіден, көлік сатып алушыларының (1 қыркүйекке дейін көлік алып келгендер) тарабына бұл заңдастыру арқылы өз көліктерін мемлекеттік тіркеуге өткізіп алуға үлкен мүмкіндік. Ол бір жағынан заң аясында таза, екінші жағынан көліктің қайта сату нарығындағы құнын көтереді. Дегенмен, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелген азаматтарға  бұл үлкен мәселеге айналды», - дейді ол.

Маманның айтуынша, олар өз көліктерін енді алған елдеріне қайтарады, бөлшектерге сатып жібереді, қалғанын темір қабылдау орталықтарына (металлоломға) өткізу ықтималдығы жоғары.

«Одан тыс тура осындай тағдыр 1 қыркүйекке дейін әкелген азаматтарды да күтуі мүмкін. Себебі олар көліктерін заңдастыру  үшін ІІМ-нің айтуы бойынша төрт құжат өткізуі керек. Ал енді осы төрт құжаттың ішінде өтініш пен жеке басын куәландіруші құжаттан басқаларын өткізе алғанымен, қалған құжаттарды өткізгенде кикілжің туындауы ықтимал. Себебі халыққа қызмет көрсету орталығы маманы мен жұмыспен сарапшы–криминалист көлікті тексергенде үкімет бетіткен стандарттарға сәйкес келмесе, көлік иесіне жоғарыда айтқан адамдар тағдырын кешуге тура келеді. Сәйкесінше, заңдастыруға уақыты келгенімен қалған құжаттары тура емес көлік иелері көліктерін темірге, бөлшекке не алып келген шет елге көлікті өткізу керек. Шетелден кеткен көлік сатып алушы алған бағадан төмен болары, әрі көлік иесін қосымша шығынға батырары анық», - дейді экономист.

Маман  көлік иелерінің кейбірі шетелден көлікті алуының бір себебі адамдарды алып-тасу, яғни такси қызметімен айналысу екенін ескерсек, онда олар өз-өзін қамтамасыз етіп жүрген табыс көзінен арылу ықтималдығы артатынын да айтты.

«Тағы бір ескеру керек мәселе бұл Қазақстанда көлік бағасы жоғарылауына әкеледі. Себебі енді нарықта бағаны түсіріп тұратын ұсыныс факторы жоғалады. Ал отандық автоөндіріс деңгейі мен бағасы ел азаматтарының қалтасына тар келері анық. Екіншіден, әлбетте мемлекет билігі бұл заңдастырудан ұтатын тұстары бар. Бірінші, ретте Президенттің осындай сақтандырумен ғана жүрген заңдастырылмаған көліктер мәселесін реттеу бойынша берген бұйрығы іске асырылады. Екіншіден, мемлекетте «келімсек» көліктердің заңдық статус бойынша мәселесі реттеледі. Дегенмен, мемлекет үшін ұтымды тұстары осымен аяқталады. Себебі  мемлекетте осының әсерінен көлік бағасының қымбаттауын күтуге болады. Бұл өзге де экономика салаларындағы қымбаттауға апару ықтималдығын ескерген жөн. Сонымен қатар заңдастыру үдерісінде пара беріліп, заңсыз көліктер де заңдастырылып кету қауіпін де қаперде сақтайық», - деді ол.

Маманның айтуынша,  бұл шара мемлекеттің экономикасына елеулі оң әсер береді деп айту қиын. Керісінше теріс жақтары да баршылық. Бұл жағдайда мемлекет шет елдерден келетін мемлекеттік стандарттарға көліктер мен отандық көліктердің қалың бұқараға бағалық қолжетімділігін қамтамасыз етуі керек.

Марья Айдарбаева