Тоқаев Әбіш Кекілбайұлына арналған ескерткіштің ашылуына қатысты

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы жазушының еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленгенін, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенатор қызметтерін абыроймен атқарғанын айтты

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Ақтау қаласына жұмыс сапармен барып, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайдың 80-жылдық мерейтойы аясында орнатылған ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгердің мүсінін салтанатты түрде ашып берді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлының ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері екенін, Елбасының сенімді серігі ретінде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор деп атап өтті. Сондай-ақ, жазушының еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленгенін, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенатор қызметтерін абыроймен атқарғанын айтты.

– Оның білімі, көзқарасы, шын мәнінде, шексіз, бірегей және әмбебап. Әбіш Кекілбай – қазақтың болмыс-бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі. Ұлы Абай «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дейді. Әбіш Кекілбайдың шығармалары ғасырдан ғасырға ұласатын рухани құндылық болып қалатыны сөзсіз, - деді Мемлекет басшысы.

Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барғанда облыс басшысына (ол кезде Ералы Тоғжанов - редакция) Әбіш Кекілбаев музейінің құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы бітіруді тапсырған еді.

«Қазір Әбіш Кекілбаев музейі салынып жатыр. Облыс әкіміне құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы бітіруді тапсырамын. Мерейтойды біз тұтас ел болып, жоғары деңгейде атап өтеміз», - деген еді сонда ҚР Президенті.