Алматыда мергігер компаниялардың кесірінен үш мектептің жөндеу жұмысы әлі бітпей тұр

Автор: Әйгерім Ердәулет

Қала әкімі құрылысы ұзаққа созылған нысандарға барды

Алматыда мергігер компаниялардың кесірінен үш мектептің жөндеу жұмысы әлі бітпей жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

№48 мектеп-лицей 2021 жылдың 30 маусымында реконструкция үшін жабылған. Нысан 2022 жылдың 30 сәуірінде пайдалануға берілуі керек еді. Алайда «Риголит» ЖШС бас мердігерінің кінәсінен жұмысты аяқтау мерзімі үшінші рет өзгерді. Кестеден кешігуге жобалау-сметалық құжаттамаға енгізілген өзгерістер мен сметаны түзету себеп болған. «Каспий маңы құрылыс басқармасы - Шымкент» ЖШС бас жобалаушысы (Шымкент қ.) жобада шатырға арналған материалдарды, дренажды, сыртқы жылу трассасын тартуды ескермеген және жылу мен ыстық суды әлеуметтік маңызды нысанға жеткізу үшін қазандықты реконструкцияламаған.

«Былтыр қыркүйек айында Алматы әкімдігі тарапынан жобаны түзетуге байланысты барлық мәселе шешіліп, қажетті қаражат бөлінді. Бірақ «Риголит» ЖШС қажетті ресурстарды жұмылдыра алмады және мектеп құрылысын 2022 жылдың соңына дейін аяқтай алмай, міндеттемелерін орындамады»,-деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Ал қалған екі мектептің жұмыстары 95%-ға аяқталып, кабинеттер 95%-ға жабдықталған. Онда үш блок салу, мектеп аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар бітпеді, спорттық жабын, жас топтары бойынша қоршау орнату қажет.

«Ауа-райын ескере отырып, кейбір жұмыстар, соның ішінде абаттандыру көктемге ауыстырылды. 2023 жылдың екінші тоқсанында жұмысты толық аяқтау жоспарланған. Әкім құрылыс басқармасына межелі мерзімнің тағы да өзгермеуіне жол бермеу үшін жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырды»,- деп мәлімдеді жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, 760 оқушыға арналған №145 жалпы білім беретін мектепті сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмысы 2021 жылдың тамызында басталып, 2022 жылдың наурызында пайдалануға беру жоспарланған. Алайда, «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС бас мердігерінің сапасыз жұмысына байланысты мерзімді үшінші рет ауыстырылған.  

Дәл осы «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС – «Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны үшін операциялық блогы бар қабылдау бөлімі ғимаратын салу керек болған. Мердігер компания бұл жұмысты 2021 жылдың тамызында бастап, келісім-шартқа сәйкес былтыр желтоқсанда аяқтауы керек еді. Алайда «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС-ның сапасыз жұмыс істеуі салдарынан әлеуметтік маңызды нысан уақытында тапсырылған жоқ.

«Қала әкімдігі жұмыс қарқынын жеделдету үшін бірқатар ұйымдастырушылық шара қабылдады, қосымша жұмыс күші мен техника жұмылдырылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыру үшін «Атрикс Строй» ЖШС қосалқы мердігерлік ұйымы тартылды. Ерболат Досаев құрылыс басқармасына межелі мерзімде орындауды жіті бақылауда ұстауды және «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС компаниясының жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тексеруді тапсырды»,-деп мәлімдеді Алматы әкімдігінен.