Бизнестегі өзекті мәселелер «AMANAT» партиясының басты назарында

Автор: Azattyq Rýhy

Республикалық қоғамдық кеңес мүшелері алматылық бизнес-қоғамдастықпен кездесті

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы жанындағы кеңестердің көшпелі отырыстары жалғасып өтті. Жақында Алматыда Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелерінің оңтүстік астананың бизнес-қоғамдастығымен кездесуі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалалық кәсіпкерлер фискалдық саясат, инфляцияның өсуі және мемлекеттік қолдаудың жоқтығы мәселелеріне назар аударып отыр. «Qaganat» асханалар желісінің басшысы Шынар Бұғымбаеваның айтуынша, екінші деңгейдегі банктерде несие беру рәсімі негізсіз ұзаққа созылады. Ол салық салу мәселелеріне де жеке тоқталды.

«Биыл кәсібімді дөңгелетіп жүргеніме 27 жыл болды. Осы уақыт аралығында талай қиындықты өткердім. Ісімді әрі қарай қалай жалғастыратынымды білмеймін. Жаңа жылдан бастап салық 3%-дан 6%-ға дейін өсті. Егер 2022 жылы 340 миллион теңге салық төлеген болсам, биыл 680 миллион теңге төлеуім керек! Біз үшін бұл өте қомақты қаражат. Пандемиядан кейін әлі өз-өзімізге келе қойған жоқпыз. Қазіргі уақытта кәсібіміз тоқтайын деп тұр. Өнімнің бағасын көтере алмаймыз, өйткені біздікі мейрамхана емес, жәй ғана асхана. Бізде табысы төмен адамдар тамақтанады. Егер бізге салықты 3 пайыз қалпында қалдырса, ісіміз оңға басатын еді», – деді кәсіпкер.

Кеңес төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» партиясының депутаты Аманжан Жамаловтың айтуынша, салық ауыртпалығы әділ болуы үшін түрлі бизнес субъектілері біліктілігін арттыруы қажет.

«Мейрамханалар мен асханалардың деңгейі әртүрлі болғандықтан, салық та оларға бірдей көлемде болмауы керек. Сонымен қатар, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерге қолдау көрсету қажет. Сондай-ақ, салық мөлшерін белгілі бір кәсіпорын қызметкерлерінің санына байланысты есептеу керек. Яғни, кәсіпкер неғұрлым көп адамды жұмыспен қамтамасыз етсе, салық соғұрлым төмен болады. Менің ойымша, бұл мәселені қарастыру керек. Жаңа салық кодексіне осындай нормаларды енгізуге болады», – деді ол.

Өз кезегінде «Бірлік» Жарнама қауымдастығы» ЗТБ президенті Наиль Ахмеджанов жарнама саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

«Қазіргі уақытта сыртқы көрнекі жарнаманы орналастыру құны айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне байланысты есептеледі. Яғни, соның кесірінен кейінгі 10 жылда сыртқы жарнама құны 2,5 есе өсті. Бұл бір жағынан инфляцияға да әсер етеді. Сонымен қатар өндірушілердің жарнамаға деген қызығушылығы төмендейді. Қазір жарнама ілінетін көп құрылым бос тұр. Пандемиядан кейінгі дағдарыстан шығу кезеңінде отандық өндірушілер үшін жарнама тарифінен өндірілетін мөлшерлемеге белгілі бір жеңілдік немесе уақытша мораторий қарастырылса жақсы болар еді», – деді ол.

Осы күні мәжілісмен Алматының индустриялық аймағында болды. Ол мегаполисте 10 жылдан астам уақыт бұрын құрылған бұл аймақтың осы жылдар ішінде тек қаланың ғана емес, жалпы еліміздің экономикасының дамуына зор үлес қосқанын атап өтті.

«Алматының индустриялық аймағы – шағын және орта бизнесті қолдауға арналған ұтымды экономикалық жоба. Оны құруға 30 миллиард теңге жұмсалды. Ондағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бұл қаражатты салық ретінде қазынаға қайтарды. Алдағы уақытта индустриялық аймақтың жұмысын қолдап, саладағы кемшіліктерді жою қажет», – деді Аманжан Жамалов.

Аманаттықтардың айтуынша, айтылған барлық мәселе мен оны шешу бойынша ұсыныстар мұқият қаралатын болады. Бұл жұмысқа тиісті құзыретті мемлекеттік органдар тартылады.