Әлеуметтік-еңбек саласындағы тиімділікті арттыруға бағытталған 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспары 5 стратегиялық бағытты қарастырады
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек қатынастарын реттеуде 2022 жылы істеген жұмыстары мен 2023 жылы атқарылатын қызметтерді Azattyq Ryhy тілшісі саралап көрді.
Министрлік бекіткен стратегиялық бағыттың біріншісі цифрландыруды тереңдету болып отыр.
Ол әлеуметтік қызметтерді көрсетудің өтініш нысанынан оларды ұсынудың анықтау және проактивті форматына көшуді қамтамасыз етуге тиіс.
Министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, 2023 жылы бағытты іске асырудың түпкілікті нәтижесі проактивті қызметтердің үлесін олардың жалпы санының 60%-на дейін жеткізу болады.
Осы міндетті іске асыруды қамтамасыз ететін базалық цифрлық өнім мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтерді жинақтайтын және қазақстандық отбасылардың мемлекеттік кепілдіктер бойынша дербестендірілген дерекқоры болып табылатын Отбасының цифрлық картасы болады.
«БҰҰ ДБ ұсынған Алькире-Фостер моделін пайдалана отырып, отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын бағалау 6 миллионнан астам отбасының мәртебесін және олардың мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрлеріне қажеттілігін анықтауға мүмкіндік берді. Тиісінше, мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдер кімге, қашан, қандай көмек көрсету керектігін нақты анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндігі бар», – деді Тамара Дүйсенова.
Министр Отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мәліметтерді уақтылы өзектендіру, азаматтарды мемлекеттік қолдау алу құқығы туралы хабардар ету, зейнетақыларды, жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмекті белсенді тағайындау, мемлекеттік қолдау шараларын уақтылы көрсету мониторингі бөлігінде жұмысы үндестірілетінін атап өтті.
Екінші стратегиялық бағыт – атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту.
Ол алдын алу сипатындағы атаулы шараларды және туындаған әлеуметтік тәуекелдердің салдарын жою үшін атаулы көмекті қамтитын болады. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдардың нысаналы контингенті Отбасының цифрлық картасы негізінде айқындалады.
Министр балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылатынын айтты.
Мәселен, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі ұлғайтылды, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына аудару көзделген. Сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылардың мөлшерін саралау жоспарлануда.
Аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін кедейлік шегі медианалық табысқа сүйене отырып айқындалатын болады.
Құрамында мүгедектігі бар адамдар бар отбасылар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады. Осы мақсатта келесідей қадамдарды көздейтін әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау жоспарлануда.
Біріншісі – барлық 116 медициналық-әлеуметтік мекемеге арнайы қызмет көрсету стандарттарының сақталуына тексеріс жүргізілетін болады. Олардың қорытындысы бойынша өңірлердің әкімдерімен бірлесіп функционалдық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар қабылданады.
Екінші қадам – сыйымдылығы төмен үйлерді, әсіресе ауылдағы үйлерді қолдау және дамыту. Бүгінгі таңда осындай 20 үй жұмыс істейді, олардың базасында АӘҚ көрсетудің жан басына шаққандағы нормативтері сынақтан өткізілетін болады. Пилоттың қорытындысы бойынша жаңа тарифтеу жүйесі дайындалады.
Үшіншісі – құралдар немесе тауарлардың жекелеген түрлерін кезең-кезеңімен монетизациялау басталады. Облыс орталықтары деңгейінде қымбат және заманауи техникалық компенсаторлық құралдарға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін техникалық құралдар парктері құрылады. Жоба «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен іске асырылады.
Төртінші қадам – мүгедектігі бар адамдарды қоғамға жедел интеграциялау үшін 12 оңалту орталығын салу. Биыл Семей және Кентау қалаларында оңалту орталықтары пайдалануға беріледі, олар 1 шілдеден бастап алғашқы қызмет алушыларды қабылдайды.
Бесінші қадам – осы жылдың 1 ақпанынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталының жаңа форматы іске асырылады. Порталда тауарлар мен қызметтердің параметрлері туралы толық ақпарат ұсынылады, жеткізушілерге және олардың тауарларының сапасына жаңа және қатаң талаптар қойылады. Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдарға портал арқылы өнім берушілердің іс-әрекеттеріне шағымдарды жіберу мүмкіндігі беріледі.
«Сондай-ақ нормативтік құқықтық базаны өзектендіру бойынша шаралар қабылдануда. Өткен жылдың қараша айында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттырудың ұлттық жоспарына өзгерістер енгізілді, ал заңнамалық бекітуді талап ететін өзгерістердің бір бөлігі Әлеуметтік кодекс жобасына енгізілді. ҚР Парламенті Мәжілісінде Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау бойынша жұмыс басталды», – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.
Үшінші стратегиялық бағыт – азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі геосаяси жағдай, жастардың едәуір ағыны, күтілетін жұмыстан босату және жаңа жұмыс орындарының аз генерациясы ұлттық еңбек нарығының негізгі сын-қатерлері және халықтың нақты табысына әсер ететін факторлар болып табылады.
Сондықтан ведомство жұмысының осы бағытының басты мақсаты отбасының кемінде бір мүшесін ресми жұмыспен қамтамасыз ету және оның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуы болып айқындалды.
«Негізгі нәтиже жыл ішінде жастарды, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Министр Отбасының цифрлық картасынан алынған деректер негізінде келесідей негізгі нысаналы контингент қалыптастырылатынын хабарлады: екі және одан да көп жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасылар; жұмыс істемейтін жастар; денсаулық жағдайы бойынша жұмыс істеуге қабілетті мүгедектігі бар адамдар. Оларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын ұсынатын SMS-хабарламалар жіберіледі. Шараға қатысуға келісім берген азаматтардың ішінен өңірлерде жұмысқа орналасатын адамдардың тізілімі қалыптастырылады.
Жергілікті атқарушы органдар 15 қаңтарға дейін осы контингентпен жұмыс істеуге бағдарланған өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітетін болады.
«Жалпы республика бойынша биыл салалық тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар шеңберінде 75 мыңға жуық жұмыс орнын, қаржыландыру көлемі 131 млрд теңгені құрайтын мемлекет субсидиялайтын 150 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. 780 мың адамды жеке бастамалар шеңберінде және жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарлануда. Құрылатын жұмыс орындарының жалпы санының шамамен 20%-ы жастар мен мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталады.Бұдан басқа, 6 мың жас азаматқа 5 жылға жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті микрокредиттер берілетін болады. Ерекше қажеттіліктері бар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға 1,2 млн теңге мөлшерінде 9 мың грант беріледі.Зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін «Күміс жас» жобасын іске асыру жалғаса береді. Жоба аясында жыл сайын кемінде 15 мың адам жұмыспен қамтылады», – деді Тамара Дүйсенова.
Төртінші стратегиялық бағыт дәстүрлі жұмыс форматынан жұмыспен қамтудың икемді нысандарын дамытуға көшуді көздейтін еңбек қатынастарын дамытуға қатысты.
Осы бағытты іске асыру үшін тұжырымдамалық сипаттағы мынадай қадамдар қабылданады.
Біріншісі – жұмыспен қамтудың икемді нысандарын заңнамалық түрде бекіту.
Екінші қадам – жұмыс күшінің дағдыларын арттыру.
Үшінші қадам - жұмыс күшін үнемдеу және жұмыс істейтін халықтың еңбек жағдайының сапасын жақсарту үшін еңбек саласындағы ең төменгі стандарттарды қайта қарау.
Бесінші стратегиялық бағыт – нәтижелі және формалды жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталған сақтандыру жүйесін дамыту.
Бұл ретте ұсынылып отырған өзгерістердің басты тренді: біріншіден, мемлекет жүйесіне жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің қатысуы; екіншіден, қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту.
«Бұл дегеніміз, тәуекелдер туындаған жағдайда жоғалған кірісті өтеу көбінесе азаматтардың жинақталған зейнетақы мен сақтандыру активтері есебінен жүргізілетінін білдіреді», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Министр бүгінгі таңда мемлекеттік төлемдердің үлесі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінде де, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де басым екенін атап өтті. Халықтың басым көпшілігі әлі күнге дейін олардың әлеуметтік қамсыздандырылуына тек мемлекет жауапты болуы керек деп санайды.
«Зейнетақы және әлеуметтік сақтандыру жүйелерінің міндеттілігі жеке меншік сақтандыру компанияларында төмен деңгейде. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ғана емес, жалдамалы жұмыскерлердің белгілі бір бөлігі де қамтылмаған күйінде қалып отыр. Егер кірістердің жоғарғы шектерін ескермесек, онда зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар аударылатын кірістердің деңгейлері де әр түрлі болады. Зейнетақы жарналарының орташа табысы экономика бойынша орташа айлық жалақыдан 20%-ға төмен. Ірі жұмыс берушілер мен зиянды өндірістердің қызметкерлері жоғары сақтандыру тарифтеріне, өмірді сақтандыру компанияларынан төленетін төлемдердің төмен мөлшеріне және сақтандыру компаниялары қызметінің ашықтығына назар аударады. Шара қолданбау болашақта жүйенің сенімі мен қаржылық тұрақтылығы мәселелеріне әкелуі мүмкін», – деді Тамара Дүйсенова.
2024 жылдан бастап жас салымшыларды зейнетақымен қамсыздандырудың шартты-жинақтаушы жүйесін қалыптастыру үшін жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында ведомство Көші-қон саясатының жаңа Тұжырымдамасы қабылданды және оны Үкімет бекітті, «Кәсіптік біліктілік туралы» заң әзірленді және қазір ол ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында, Бұдан басқа Әлеуметтік кодекстің жобасы дайындалып, ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.
Өз кезегінде Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік-еңбек саласы – Үкіметтің жұмысындағы басым бағыттардың бірі екенін айтты.
«Қазір бүкіл әлемде осы саланы реформалау мәселесі маңызды болып тұр. Ол атаулы әлеуметтік қолдауды күшейтуге, оның түрлері мен қызмет көрсету формаларын кеңейтуге бағытталады. Азаматтарды әлеуметтік көмек алудың мүмкіндігі туралы проактивті түрде хабардар ете отырып, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету механизмдері енгізілуде.Ал еңбек нарығында жұмысты барынша беріліп істейтін әрі шығармашылыққа бейім, «икемді» дағдыларға сұраныс артып келеді», - деді Смайылов.
Ол атағандай, Мемлекет басшысының Жолдауында, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, Сайлауалды бағдарламасында айтылған тапсырмаларды іске асыруға күш жұмылдыру керек.
«Азаматтардың барлық санаттарын туғаннан бастап қартайған шағына дейінгі әлеуметтік қорғау, сондай-ақ халықты нәтижелі жұмыспен қамту – біздің ортақ міндетіміз.Өткен жылы бұл бағытта Мемлекет басшысы қойған бірқатар міндеттер іске асырылды.Зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік көмек уақтылы төленіп келеді», - деді Премьер-министр.
Марья Айдарбаева