Еліміздегі 34 мектепке лицензиясыз білім бергені үшін айыппұл салынды

Автор: Аягөз Құрмаш

Мемлекеттік аттестаттаудың алғашқы мүмкіндігінен ұйымдардың 77%-ы өте алмаған

Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда 34 мектепке лицензиясыз білім бергені үшін айыппұл салынды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің алқа отырысында министр Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy.  

«2022 жылы мемлекеттік аттестаттау рәсімі 2 363 ұйымда өткізілді, оның 77%-ы алғашқы реттен (Атырау, Ақтөбе, Ұлытау, Ақмола, БҚО, Қарағанды, Түркістан және Алматы облыстары) аттестаттациядан өтпеді. Мектептер мен колледждерді лицензиялау кезінде көптеген мәселе туындайды. Мәселе құжаттарды дұрыс рәсімдемеуде болып жатыр. 34 мектепке сот органдары лицензиясыз білім беру қызметі үшін айыппұл салды. Лицензиясыз бірде-бір мектеп жұмыс істемеуі керек», - деді Ғани Бейсембаев.

Ол атағандай, 2022 жылы еліміздегі мектептердің 25%-ын құрайтын 4 және 9-сынып оқушыларынан құралған 105 мың адамға білім жетістіктеріне мониторинг жүргізілді.  

«ОБМЖ сауаттылықтың үш бағыты: оқу, математикалық және жаратылыстану бойынша тестілеуді қамтыды. Оқушылардың біліміне мониторинг жүргізу қорытындылары білім беру сапасының көрсеткішін арттыру мәселесінде кешенді тәсілдің қажеттілігін айғақтайды. Мектептерге арналған PISA зерттеуіне оқу, математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша 1000 мектеп қатысты. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының соңында қатысушы мектептер даму жоспарларын әзірлеуі үшін ЭЫДҰ-дан талдамалық есептер алады», - деді министр.