Бурабайдағы лагерьде 14 жасар баланың қайтыс болуына байланысты министрлік түсінік берді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Оқу-ағарту министрлігі Ақмола облысының «Балдәурен» сауықтыру орталығында 14 жастағы баланың қайтыс болуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан лагерьге барды. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сараптама баланың қатерлі ісікпен ауырғанын көрсетті, оның салдары ішкі қан кетуді тудырған. Құрылған комиссия жұмысын жалғастырып жатыр», - делінген министрлік ұсынған мәліметте.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін, «Балдәурен» сауықтыру орталығының және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұжымы баланың туғандары мен жақындарына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді.