Елнұр Бейсенбаевтың Мәжілістегі өкілеттігі тоқтатылды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол жақында жаңа қызметке тағайындалды

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Палата спикері Ерлан Қошанов оған еңбегі үшін алғыс айтып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов депутат басқа қызметке тағайындалуына байланысты қызметінен кетуге өз еркімен өтініш бергенін айтты.

Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы Конституцияның 52-бабына «ҚР Парламенті және оның депутаттары мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 24-бабы 3) және 8) тармақтарына сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсембаевтың өтініш беруіне байланысты оның өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр», - деді Шавхат Өтемісов.

Еске сала кетейік, Елнұр Сабыржанұлы 4 қаңтарда «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы болып тағайындалды.