Өскеменде бейтаныс жігіт зейнеткердің атынан онлайн кредит рәсімдеп, шотынан ақша ұрлаған

Автор: Azattyq Rýhy

Оған «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Фото ашық дереккөзден

Өскеменде 69 жастағы зейнеткер зейнетақысынан айырылып қалды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зейнеткер Ертіс полиция бөліміне арызданған. Қарттың айтуынша, бейтаныс жігіт кредит рәсімдеуге көмектесемін деген желеумен оның ұялы телефоны арқылы микрокредиттік ұйымнан онлайн кредит рәсімдеген. Ол аздай жәбірленушінің жеке шотынан зейнетақысын өз шотына аударып алған. Сөйтіп зейнеткердің 91 000 теңгесін жымқырған.

Жедел іздестіру кезінде полиция 20 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған. Ол ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсағанын айтып, кінәсін толық мойындаған.

«Оған «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыны екі жылға бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр», - деп атап өтті баспасөз қызметі.