Семей тұрғыны көктайғақта құламаудың арзан әрі тиімді тәсілін көрсетті

Автор: Мира Байбек

Әлеуметтік желілерде тараған видеодан ерекше әдісті көруге болады

Семей қаласының тұрғыны көктайғақта тайып құламаудың арзан әрі тиімді тәсілін ойлап тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Әлеуметтік желілерде тараған видеодан базарда ұсақ-түйек заттар сатып тұрған әйелдің ерекше әдіс көрсетіп жатқанын көруге болады. Ол мұзда тайып жығылмаудың таптырмас амалы ыдыс жууға арналған темір ысқышты аяқ киімнің сыртынан киіп алу екенін айтады.

«Көше өте тайғақ. Адамдар құлап, жарақат алады, құлап қалмас үшін мына ысқышты алып, ортасын ашып, аяқ киіміңіздің сыртынан киіп аласыз. Содан соң емін-еркін жүре бересіз, құламайсыз да, райып жығылмайсыз да. Өте жақсы көмектеседі», – дейді саудагер.

Тауардың жақсы жүріп жатқанын айтқан келіншек Алматыдан металл жуғыштың тағы бір жәшігіне тапсырыс бергенін айтады.

«Расымен, арзан әрі өте ыңғайлы екен», - дейді темір ысқышты қолданып көрген тұрғындар.

Айта кетерлігі, интернет-дүкендерде мұндай ысқыштың бір данасын шамамен 125 теңгеге сатып алуға болады.