«AMANAT» өкілдері демалыс лагеріндегі екібастұздық балаларға сыйлық табыстады

Автор: Azattyq Rýhy

Балалар лагерьде 3-11 қаңтар аралығында демалады

Фото: AMANAT партиясының Қостанай облыстық филиалы

«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы Ақмола облысының «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында қысқы демалысын өткізіп жатқан 53 балаға партияластар атынан тәтті сыйлықтарын табыс етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партия филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Партия қызметкері Болат Сұлтанов балалар мен лагерь ұжымын Жаңа жылмен құттықтап, партияластардың жылы лебізін жеткізді.

«Біз партия төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қолдауымен Екібастұз қаласынан келген балаларға арнап қысқы демалыстарды ұйымдастырудамыз. Апатты жағдай болды дегенді естігенде баршамыздың қабырғамыз қайысты. Бүгін міне табиғаты көркем, таза ауада дем алып жатсыздар. Сіздерге ұмытылмас, жақсы демалыс тілеймін» - деді Болат Сұлтанов.

Қалың қарағайлы орманның ортасында орналасқан «Звездный» балаларды сауықтыру орталығы директоры Сергей Урываев ұжым атынан алғысын айтты.

«Балалар қысқы демалыстарын жақсы өткізуде. Таңғы 8 жарымнан бастап балаларға әр сағатқа бағдарлама дайындалған. Оның ішінде мұз айдынында сырғанау, жаңа жылдық ойындар бар. Біздің демеуші Қостанай облысындағы партияластарға айтар алғысымыз шексіз», - деді сауықтыру орталығының басшысы.

Екібастұз қаласынан келген Диас Жұмабаев демалыс орнынан алған әсерін бөлісті. Оның айтуынша, лагерьдегі демалыс естен кетпес естеліктермен сақталмақ.

«Мен 7-сыныпта оқимын. Бурабайға поездбен ұзақ жүріп келдік. Бірақ келгеніме еш өкінбеймін. Лагерде өзіме жаңа достар тауып үлгердім. Достарымызбен далада мұзда сырғанап, уақытты көңілді өткізудеміз. Бүгін бізге Қостанайдың «Баян сұлу» кәмпиттерін сыйлады. Көп рахмет!» - дейді жеткіншек.

Еске сала кетейік, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды. 28 қараша күні қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Оқушылар онлайн оқуға көшірілді.

Балалар лагерьде 3 мен 11 қаңтар аралығында демалады.