Елордада 750-ден астам ұландық әскери ант қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

Жас жауынгерлер Ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді

фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Бүгін «Үркер» тұрғын алабында орналасқан елордалық Ұлттық ұланның жедел бригадасының саптық алаңында әскери Ант қабылдауы салтанатты түрде өтті. Қазақстанның барлық өңірінен қызмет етуге келген жас толықтыруларға арналған салтанатты рәсімге 2000-ға жуық ата-ана мен туыстары және сүйіктілері келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әскери рәсімдер әрқашан құқықтық тәртіп әскерінде ерекше орын алады. Сондықтан әскери қызметшілердің әскери Ант қабылдауы да жыл сайынғы дәстүрге айналғаны сөзсіз. Осы сәттен бастап сарбаздар толыққанды жауынгер атанады және Отан қорғаушылардың біртұтас жүйесіне енеді.

Ұлттық ұлан қатарына қосылып, әскери Ант қабылдаған жас сарбаздарды 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Аян Есжанов құттықтады.

«Әскери Ант қабылдау - әрбір әскери бөлімнің өміріндегі айтулы оқиға. Жауынгерге арналған әскери Ант - бұл өмірдің бұзылмайтын Заңы, онда ешқандай шегініс жоқ. Ант қабылдай отырып, әрбір сарбаз әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарына төзуге міндеттеледі және олардың орындалуы әскери қызметті өткерудің мәні мен мақсатын құрайды», – деді Аян Есжанов.

Осыдан кейін жас жауынгерлердің жеке құрамы салтанатты шерумен өтті.

Айта кетейік, алдағы қызметте жас жауынгерлер Ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.

Тегтер: