644 бірлік арнайы техника жолдарды қардан тазартуда
Қазақстанда 25 республикалық трасса әлі де жабық тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сағат 19:30-дағы мәліметке сәйкес республикалық маңыздағы 25 тасжол жабық күйінде қалып отыр. Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында автожолдар жабық тұр. 644 бірлік арнайы техника мен 1100 жолшы құбылмалы ауа-райы салдарын жоюда. Кей жерлерде қар жамылғысының қалыңдығы 50 см дейін жетеді», - делінген «ҚазАвтоЖол» ҰК хабарламасында.
Ақмола облысында көлік қозғалысына енгізілген шектеу толығымен алынды.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты Шығыс Қазақстан, Жетісу және Қарағанды облыстарының республикалық маңызы бар автожолдарында жағдай әлі де күрделі. Мысалы, тек ШҚО өзінде республикалық трассалардың 15 учаскесі жабылды.