Наурыз айында ауа температурасы климаттық мөлшерден жоғары болмақ
Қазақстанның бес өңірінде көктемгі су тасқыны болуы мүмкін. Синоптиктер республика бойынша 352 гидробекетте тәулік бойы су деңгейіне мониторинг жүргізеді. Өткен жылы 42 гидробекет жұмыс істеген еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Қазгидромет» мамандарына сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысы – ең қауіпті аймақ. Өңірде мезгіліндегі жауын-шашын көлемі әдеттегі мөлшерден 80 пайызға асып кеткен. Одан кейінгі тізімде 30-60 пайыздық көрсеткішпен Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстары тұр. Ал Шығыс Қазақстан өңірінің таулы аймақтарында қар әдеттегіден 20-50 пайызға қалың түскен.
«Наурыз айында ауа температурасы климаттық мөлшерден жоғары болмақ. Жауын-шашын мөлшері де көп. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарының кейбір аймақтарын су басуы ықтимал», - дейді синоптиктер.
Ауа райын болжаушылар көктемнің алғашқы айында жауын-шашын көп болатындықтан, еліміздің оңтүстік-шығысы мен батысына да қауіп төнетіндігін жеткізді. Синоптиктер әр үш күн сайын гидрологиялық болжамдар жаңартылып отыратындығын жеткізді. Мамандар халық су тасқынының қаупі жайында үш күн бұрын ескерту алатындығын жеткізді.