Республиканың басым бөлігінде екпінді жел күшейеді
Синоптиктер 4 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстан аумағы бойынша циклон жырасы мен атмосфералық фронттардың ықпалында болатындықтан, қар жауады, батыста, шығыста, оңтүстік өңірінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Республика бойынша екпінді жел күшейеді, еліміздің басым бөлігінде көктайғақ, бұрқасын болып, ҚР батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында тұман түседі», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Еліміздің батысында, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Абай, Қызылорда, Жамбыл облыстарында, Қостанай облысының шығысында, Павлодар облысының батысында, оңтүстігінде, Түркістан облысының тау асуларында, түнде Ақмола облысының солтүстігінде, шығысында, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, күндіз Қарағанды облыстарында, Жетісу облысының Алакөл көлдері ауданында оңтүстік-батыстан соғатын жел күшейеді.
Астанада қар жауып, түнде жел жылдамдығы 15-20, күндіз 9-14, екпіні 15-20 м/с жетеді. Күндіз -5-7, түнде -8-10°С болады.
Алматыда бұлтты, қар жауады, жел секундына 2-7 метрге жетеді. Күндіз 0, +2. түнде -1-3°С болады.
Шымкентте күн бұлтты, жаңбыр, қар жауады, жел 8-13, екпіні 15-20 м/с жетеді. Күндіз +7+9, түнде 0,+2°С болады.