Ұшу кезінде әуе лайнері кенеттен қатты турбуленттілік аймағына түскен
Ташкенттен Алматыға ұшқан жеті жолаушы ұшақта жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Air Astana» әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ташкент-Алматы бағыты бойынша жолаушы тасымалдайтын KC 128 рейсі жергілікті уақыт бойынша 14.35-те ұшып шыққан. Ұшу кезінде әуе лайнері кенеттен қатты турбуленттілік аймағына түсіп, соның салдарынан жеті жолаушы түрлі дене жарақатын алған.
Рейс экипажы жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетті, ал ұшқыштар болған оқиға жөнінде әуежай қызметіне хабарлаған. Әуежайда шұғыл медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем көлігі жолаушыларды күтіп алды.
Әуе лайнері Алматыға 16.45-те қонды.
Әуе компаниясы оқиғаны құзырлы органдар тексеретінін мәлімдеді.