Кентау қаласы төтенше экологиялық жағдай аймағы деп жариялануы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Кентау қаласының және оған іргелес жатқан елді мекендердің аумағын төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала аймағы деп анықтау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді

фото: ашық дереккөзден

Кентау қаласы және оған іргелес жатқан елді мекендердің аумағы төтенше экологиялық жағдай аймағы деп жариялануы мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында көрсетілген, деп  хабарлайды  Azattyq Ruhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.  

«Кентау қаласының және оған іргелес жатқан елді мекендердің аумағын төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала аймағы деп анықтау мақсатында Түркістан облысының әкімдігі «Кентау қаласының және оған іргелес елді мекендердің халқының денсаулығына және қоршаған ортаның жай-күйіне кешенді бағалау жүргізу» ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Қазақстан Республикасы Экология кодексі 405-бабының 6-тармағына сәйкес денсаулық сақтау, білім және ғылым саласындағы уәкілетті органдардың қорытындысымен бірге аумақты зерттеп қарау материалдары мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беріледі», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Оның атап өтуінше, заңнамаға сәйкес ҒЗЖ нәтижелері қорытындыларды алу үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктеріне жолданған. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан оң қорытынды берілген. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қорытындыны ескертулермен жолдаған. Мердігер ескертулерді жойып, материалдарды ДСМ-ға қайта жолдаған, қазіргі уақытта қаралып жатыр. Денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларындағы уәкілетті органдардың қорытындылары ұсынылғаннан кейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттiк экологиялық сараптаманы жүргізеді. 2023 жылғы қаңтардың бірінші онкүндігінде ЭГТРМ, ДСМ және Түркістан облысы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен осы мәселені шешуді жеделдету бойынша кеңес өткізу жоспарланып отыр.

«Сондай-ақ, қазіргі уақытта мемлекеттік басқару деңгейі арасында өкілеттіліктерді орталықсыздандыру бойынша шаралар қабылдау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өту қажет, онда Кодекстің 405-бабының 8-тармағына және 410-бапқа қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімімен аумақты төтенше экологиялық жағдай аймағы деп жариялау және төтенше экологиялық жағдай аймағы құқықтық режимінің қолданысын тоқтату бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылуда», - деді Премьер-Министр.